Денсаулық

Індет тағы қылаң берді

  • Брифинг

Облыста індет жұқтырғандар тағы көбейіп барады. Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 35 жағдай тіркеліп отыр.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Бекболат Ізбасаров баяндап берді.

— Өңірде өткен тәулікте індет жұқтырған 35 адам тіркелді. Оның ішінде 29 адамда ауру симптомдары бар болса, алтауы — симптомсыз. ​​​​Жалпы, шілде айында облыста коронавируспен ауырған 137 адам тіркеліп отыр. Үй карантинінде 3 науқас жатыр, — деді Г.Дәулетова.

Оның айтуынша, қазір облыс «жасыл» аймақта, алайда індет осылай өрши берсе, «сары» аймаққа өтуі мүмкін. Ал індеттің қайта өршуінің басты себебі — тұрғындардың көбі жазғы демалыста шет елдерге барып, ауру жұқтырып келіп жатыр.

— Қазір өңірде шектеу шаралары қабылданған жоқ. Дегенмен, тұрғындарды көпшілік жерлерге барғанда, сондай-ақ қоғамдық көліктерде жүргенде бетперде тағуға шақырамыз, — дейді Г.Дәулетова.

Ал Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, бүгінде өңірде екі стационар жұмыс жасап тұр. Оларда барлығы 14 науқас ем алуда. Ал жан сақтау бөлімінде бір науқас жатыр.

— Қазіргі таңда облыста стационардағы кереуеттердің жүктемесі 22,6 пайыз болса, реанимациялық кереуеттердің жүктемесі — 8 пайыз, — деді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button